Султангереева Газиза Мырзабаевна, қазақ тілі мұғалімі.
Білім бөлім жанындағы № 4 «Буратино» балабақшасының мемлекеттік
коммуналдық қазыналық кәсіпорны.
"Отаным- тағдырым"
Тағы да топырағыңда жаңарды ізім
Сен десем бал бұл жайнап жүрер жүзім.
Бір пейіл, бір ықылас- қолда бары,
Әкелген базарлығым сол болады.
Тікенге балтырымды талатып ем,
Ал қазір дала- барқыт,дала- кілем.
Кетіп ем сол даладан шыбық мініп,
Оралдым бір талаптың қанатымен.
Сырым бар тереңімде көрінбеген,
Жырым бар шебер қолмен өрілмеген.
Әйтеуір біреуімін көп баланың,
Өзіңді елім деген, жерім деген!
(Жұмекен Нәжімеденов)
Отан ерекше ұғым. Терең мағыналы сөз.Қастерлі сөз. Киелі сөз. Жер басып жүрген адамзат баласының кіндік
кесіп, кір жуған мекені Отан- Ана. Әрқайсымыздың бауырында құлындай ойнап, сұнқардай самғап, асық ойнап, ат тебіскен балалығымыз өткен жұмақ мекеніміз ауылды аңсап жүретініміз хақ. Таза саф ауасы мен желі, мөлдір суы, аң- құсы, тіпті әке- шешеміздің үй маңында араласқан көрші- көлемі бәрі- бәрі ыстық.
Дұлығалы ата- бабаларымыз кең даласын, асқар тауын, сарқырап аққан көк өзенін қорғап мақтан еткен, бізге мұраға қалдырды. Қазіргі тараихи шақта, тәуелсіздік кеңістігінде күндей жарқырап, Отаншылдық рухпен туған жерге деген махаббат сәуле шашып тұруы керек.Әр қазақстандық өз елінің картасына көз салып, байтақ өлкесін , туған жерің ардақ тұтып, анасындай қастерлеуге әрқашан санасынан шығармау керек. Отан жайлы мақал- мәтел, аңыз- әңгіме, батырлар жыры, небір көлемді шығармалар сөз етеді. Отан адам өмірінде киелі орын алады. Нақты осы жер оны елімен, өткенмен және болашақпен байланыстырады. Міне, сондықтан да тіпті балалық шақтан бастап- ақ адамда Отанға деген махаббат сезімі оянары сол себепті. Әр біріміз үшін Отан ошақ басынан басталады: туған жер, туған көше, туған қала немесе өлке.
Менің туған жерім- Оңтүстік Қазақстан облысы болса да, қазіргі тұрып жатқан қалам- Степногорск қаласы. Осы қалада өсіп өндім, мәуелі ағаш секілді тамырымды тереңге жайдым. Қазақ даласында алғаш ұстаз атанған Ыбырай
атам секілді «Буратино» балабақшасында балаларды білім нәрімен сусындатып, ұстаздық қызмет атқарып келе жатқаныма 18 жыл болып қалды. Оның 4 жылында тәрбиеші қызметін атқарып, бүлдіршіндердің тәлім- тәрбиесімен айналыстым. Осылайша өз елімнің дамуына теңізге тамған тамшыдай болса да үлесімді қосып
келемін деген ойдамын.
Сөзімді қорыта келсем,еліміз тыныш, Елбасымыз аман, Отанымыз айбынды болса, менің тағдырым да жақсы болмақ.